Размер шрифта: A A A
Фон:
 
Жеке кабинетке кіру

Өтетін орны: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры

Өтетін уақыты: 16 мамыр, 2016 жыл, сағат: 19:00

ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ (05.01.1916 – 30.06.2004) – ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері.
Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы

Қайымның әкесі – М.Сейтқұлов (1870-1937) – аса мейірімді, білімді, жомарт, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам еді. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Сейтқұлов ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың алғашқы үш онжылдығында қазақ халқының рухани дамуына ықпал етті. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Мұхамедхан Сейтқұлов 1937 жылдың 2 желтоқсаны күні түнде атылды. Кейін ақталған.

М.Сейтқұловтың үйіне Абай, Шәкәрім, Абай шәкірттері, белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлер жиналатын. Үйдің үлкен залының бір бөлігін мазмұнға бай кітапхана алып тұратын, мұнда көптілді әлем классикасы, жаздырып алынған және әр жерден әкелінген сол заманның газет-журналдары болды. Қайымның әкесі қазақ, орыс, татар, араб тілдерінде оқитын және аса жомарт адам еді. Сейтқұловтың қаржыландыруымен «Сары-Арқа» газеті, 1918 ж. бастап Ж.Аймауытов және М.Әуезовтың редакциясымен «Абай» журналы шығарылатын. Әлихан Бөкейханов Семейдің солжағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде, Сейтқұлов оған қолдау беріп, қалаға «Алаш» атауын қайтаруды нақтылы дәлелдермен қорғаған. Осындай заманалар мен дәстүр жалғастығының мысалдары аз емес.

М.Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова әкелерінің дос болғанын еске алады. 1911 жылы Сейтқұлов Міржақып Дулатовты кепілдік салып, тұтқыннан босатады. Ал Шәкәрімнің белгілі фотосуреті Сейтқұловтың үйіне келген кезде түсірілген. Сонымен бірге, Сейтқұлов Шәкәрімнің қамаудан босап шығуына көмектеседі.

Туған үйдің жылуы, қоршаған ортасы, білім өрісі өзінің елі мен жерін шынайы сүйетін, сондай-ақ ғылыми-мәдени құндылықтарды сақтауды ниет еткен тұлғаны қалыптастырды. Қайым әкесінің жазушылар мен композиторлар, халық ақындары, өнер адамдарымен жақын байланысын байқады. Алаш зиялылары Семейдегі (Заречный слободкада, ескі атауы «Алаш») Сейтқұловтың үйін кездесу орны ретінде таңдады. Алты жастағы Қайым әкесінің үйінде алғаш рет М.Әуезовты көрді, ол мұнда жиі қонақта болатын. Қайымның әкесі М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» және т.б. пьесаларының алғашқы репетициясын жасауға қолайлы жағдайлар жасады.

Қайым жас кезінен әкесінің достары берген тапсырмаларды орындайтын – мысалы, Ыдырыс Мұстамбаевтың тапсырмасы – кітапты араб харпімен, көркем жазумен көшіру немесе түрлі тілдерге аудару. Қайым өзінің алғашқы өлеңдерін үйге келген әкесінің достарына оқитын. М.Сейтқұлов 1921, 1928, 1932 және 1937 ж.ж. қуғын-сүргінге және тәркілеуге ұшырады. М.Сейтқұловтың үлкен ұлы Қайымға отбасын асырау үшін 15 жастан бастап көп жұмыс істеуге тура келді. Ол кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызмет атқарды. Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін, Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды. Қайым 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.

Әкесі тұтқындалғаннан кейін Қайым Педагогикалық институттан қуылады. Сол кезде жасөспірім жігітке әкесінің досы Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау береді, ол Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды. Шәкірт ұстазына өмірінің соңына дейін адал болды. Адамдарды жақсы танитын М.Әуезов Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. М.Әуезов Қайымды Абай туралы роман-эпопея жазу барысында түрлі тапсырма орындайтын ғылыми тілші етіп алады. Ол бұл кезде Алматыда еді, ал нақтылайтын жағдайлар тек шалғай ауылдардағы ақсақалдармен әңгіме кезінде, мұрағаттарда, түрлі қалаларға хат жазып, хабар алмасу арқылы ғана нақтыланатын.

1930-жылдардың аяғында Абай мұрасы, оның шәкірттері мен ізбасарларына жойылып кету қаупі туды. Абай Сөзі бұрмаланды, шығармалары ғылыми тұрғыда зерттелмеді. Қолжазбалары мен жеке заттары жоғалды, өмірінің куәгері болған қариялар азайды.

М.Әуезов қазақ мәдениетінің елеулі бөлігін сақтауға бағытталған бірқатар тапсырманы өзінің шәкірті Қайымға сеніп тапсырды:

  • Абайдың тұңғыш Мұражайын ашуға негіздеме қалау
  • Абай шәкірттері мен ізбасарларының мектебін құру және сақтау
  • Ойшыл-ақынның құнды сөзін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу

Қайым жүк көлігімен шалғай ауылдарға айлап сапар шекті. Абайды көзі көрген қариялармен, өмірі мен шығармашылығынан хабардар адамдармен әңгімелесіп, тұрмыстық заттардың, киімдер мен кітаптардың, Абай қолжазбаларының шынайылығын нақтылады. Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Қазақстанда, Семей қаласында тұңғыш Мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Көшбасшылық идея. Десек те, идеяны өмірде іске асыру – көшбасшы болудан да артық. Мұражайды нөлден бастап құру - әркімнің қолынан келе бермейтін іс, кейбіреулер іргетасын құруға жауапкершілік алады. Қ.Мұхамедханов ұстазы М.Әуезовпен бірге Семей қаласында алғашқы ғимаратты таңдады. Ал Қайымның досы және әріптесі Борис Акерман іс-сапарлар мен зерттеулер кезінде үнемі жанынан табылды. Сол кезеңде 500 жәдігер нақтыланды, барлық жәдігерлерге ғылыми сипаттама беріліп, мұражай бойынша толық «Жолбасшы» құрал жазылды. Мұндай негіздемесіз мұражайдың құрылмасы анық еді.

Қызметін мұражайда аға ғылыми қызметкер болып бастаған Қайым, жоғары оқу орнында сабақ беруін жалғастырды, ал 1947 жылы Мұражай ҚазССР-і Ғылым Академиясы қарамағына өткізілген кезде және ғылыми қызметті сақтап қалу мақсатында, Академия Президенті Қ.Сәтпаевтың бұйрығымен ол Мұражай директоры болып тағайындалып, 1951 ж. репрессияға дейін басшылық етті. Қайым сонда да педагогикалық қызметін ешқашан тастамады. Профессор Е.Исмаилов сол кездің өзінде: Қ.Мұхамедханов мемлекеттік Абай мұражайын алғашқы ұйымдастырушы және ғылыми қызметкердің бірі ретінде қазақ әдебиетінің классигі Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар ерекше құнды қолжазбаларды, мұрағаттық, фольклорлық материалдарды жинақтады. (1945 ж.)

Қайым ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдарына жол ашып, кітапхана мен қолжазба қорын елеулі толықтырды; сол кезде стендтерден Абайдың ата-аналарының, қоршаған ортасының, шәкірттері мен ізбасарларының портретін, сирек шығыс кітаптары және қолжазбаларды көруге болатын. Соңынан жала жабылған бір мақалада осы жәдігерлердің бәрі ескі-құсқы деп саналды («Мұражайды ескі-құсқыдан тазарту»/«Очистить музей от хлама» - 1951 жылы баспасөзде жарияланған көп мақаланың бірі осылай аталды). Қайымның жауабы: Пушкин, Толстой, Лермонтов мұражайында олардың ата-аналарының суреті жоқ па екен?

  • Қазір бұған сену өте қиын, дегенмен Абай үшін үнемі күресуге тура келді. Абайдың 100 жылдығын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық үкімет комитетінің Ғылыми хатшысы жұмысын атқара отырып, Қ.Мұхамедханов сол кездегі биліктен қолдау болмаса да, ақын мерейтойын лайықты өткізді. Абайдың Жидебайдағы қыстауын қайта қалпына келтіру, ақын және туған-туысқандарының зиратын жақсарту қажет болды. Абай бейнесін мүсін және бейнелеу өнерінде мәңгілік есте қалдыру жұмыстарын ұйымдастыру; заводтарға хат жазып, материалдар іздеу; Абайға және оның айналасына қатысты жерлерде мемориалдық тақта орнату туралы іздену қажеттілігі туындады, - қазір бәрін тізбелеу мүмкін емес. Қайым соның бәрімен айналысты. Сол жылдардағы хаттар мен мұрағат құжаттары – соның айғағы.

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қ.Мұхамедхановтың текстологиялық зерттеулерінің маңыздылығын, оның Абай мектебін зерттеуге қосқан үлесін, оның М. Әуезовтың ең жақын досы болғандығын атап өтті. Эпопеяны жазу кезінде М.Әуезов Мұхамедхановтан көптеген материал алған еді:

« ..... Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл саналы ғұмырын абайтану ғылымын дамытуға жұмсады. Абай шығармаларының текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазды. Соңына «Абайдың ақын шәкірттері» деген төрт томдық қымбат қазына қалдырды. «Абай» энциклопедиясын шығаруға аянбай атсалысты. Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көптеген деректерді Мұхаң Кәкеңнен – Қайым Мұхамедханұлынан алды».

Сол кезде, отызыншы жылдардың соңына қарай, Абай мұрасы және оның айналасы жойылып кетуге шақ қалды. Бір мезетте көп шаруа тындыру қажет болды: көптеген экспедициялар кезінде Абайды көзі көрген қариялардың ақын және оның шәкірттері туралы естеліктерін жазып алу; ауызша түрде сақталған шығармаларын қалпына келтіру, жазбаша үзінділерді мұқият оқып, қай шәкірттікі екенін текстологиялық талдау әдісімен анықтап, дәлелдеу қажет болды. Ал уақыт болса тығыз – қариялар азайды, өлеңдері ұмытыла бастады, қолжазбалар жоғалды. Бұл – қазақ мәдениетінің елеулі (пласт) кезеңі еді. Семейлік ғалымның еңбегі сол – ол алғаш рет Абайдың әдеби мектебіне ғылыми негіздеме қалады. Бұл төңкеріске дейінгі және қазіргі қазақ әдебиеті арасында өзіндік «көпірдің» ашылуы болды. Абай мектебі, бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей мектеп. Жалпы әлем әдебиетінің өзінде әдеби мектептердің болуы бірен-саран ғана.

Абай мектебі – бұл абайтану ғылымындағы жаңа бағыт. Бұлар Абайдан оқыған, кеңесін тыңдаған, Абай арқылы орыс, әлем және шығыс мәдениетімен танысқан бір топ ақын-жыраулар, сазгерлер мен ертегішілер, әншілер. Абай шәкірттері ұлы ойшыл, ақынның гуманистік және философиялық көзқарасының әсерінде болды. Олар – ақынның өз ұлдары және жас ақындар – Әубәкір, Әріп, Әсет, Баймағамбет, Көкпай, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім, алаш зиялылары тәрізді ізбасарлары. Қ.Мұхамедханов Абай мектебі ақындарының есімдерін қалпына келтірді, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жинап, толық өмірбаяндарын жазды. Бәрінен бұрын, ол Абай шәкірттері мен ізбасарларының шығармаларын қалпына келтіру бойынша ірі іздестіру-зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми түсініктер беріп, баспаға әзірледі. Абай шәкірттері мен ізбасарлары мектебі – ғылымдағы жаңа бағыт, оны, нақты айтқанда, мәдениеттің бір кезеңін анықтап және сақтап қалған Қайым. Қ.Мұхамедханов 1940 жылы тапқан Абай шәкірттерінің еңбегі ғылыми айналымға енгізілген. Қазір Абай шәкірттерінің шығармалары көпке белгілі, бұл еңбектер мектептер мен оқу орындары бағдарламасына енген: Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», «Хисса Жүсіп», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Көкбайдың «Сабалақ», «Кенесары-Наурызбай», Әсеттің «Салиха Сәмен» және «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан-Сара», Тұрағұл, Мұқа, Әубәкір және тағы басқа шәкірттері мен алашшыл ізбасарларының шығармалары мен аудармалары. Қайым Абай шәкірттерінің шығармаларына әсерін тигізген орыс, батыс және шығыс әдебиеті және мәдениетімен байланыс орната білді. Мысалы, Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны» және «Кавказ тұтқыны», Лермонтовтың «Мцыри» және «Демон» поэмалары Ақылбай мен Мағауияның «Дағыстан» және «Медғат Қасым» шығармаларын жазуға; Хаггардтың «Копи царя Соломона» романы Ақылбайдың «Зұлыс» және т.б. шығармаларына әсер етті. Кейіннен, ғалымның әрекет етуімен осы шығармалар мектеп және оқу орындары бағдарламасына енгізілді. Десек те, 1950 жылғы сталиндік репрессия кезеңінде тарихи шындық үшін әзір болып, басыңды тігетін жағдайлардың болғанын ешкім ашып айта алмады. Сондықтан, жастар ғылыми әділдіктің жеңілдікпен келмегінін білуі тиіс. Ғалымның адами моральдық қағидасы мен этикасы ғылыми-мәдени құндылықтарды сақтауда елеулі орын алады.

Ғылым жолындағы қуғын-сүргін. «Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын (1951 жылы 7 сәуір) қорғау еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Диссертация қорғалды, бірақ ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамады. Диссертацияны қорғау кезінде басталған айыптаулар, абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жыл бойы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Соңынан Қ.Мұхамедханов 1951 ж. 1 желтоқсанда тұтқынға алынды, ол Семей және Алматы қ. НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа су тамызу, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады: ол «Абай мектебі бар» деп жауап берді. Ғалым ғылыми идеяларынан бас тартпады, қазір халық мақтанышына айналған Абай мектебін сақтап қалды. Дегенмен, сол кезде Абай шәкірттері буржуазияшыл ұлтшылдар қатарына жатқызылды, тек бір идеология – марксизм-ленинизм мектебі мойындалды. Біз қазір, өмірімізге қауіп төнбеген тыныш заманда шындық үшін күресе аламыз ба? Ал, сол бір қиын кезеңде ғалым-азаматтың адамгершілігі мен жауапкершілігі маңызды құндылықтарды сақтап қалды, сол арқылы біз бүгінгі таңда халық атымызды сақтадық. Ұстаздың шәкіртіне берген үшінші тапсырмасы – бұл Абай сөзінің түпнұсқасын сақтау. Абай сөздері ондаған жылдар бойы бұрмаланып жарияланғаны белгілі. Оның өзіндік себептері болды: нақтылы шығарманың немесе көне қазақ сөздерінің контекстін білмеу, шығыс тілдерінен алынған сөздер, діни терминдерден үрку, кейде редакторларға түсініксіз сөздерді халық ұғынатын сөздерге еш ойланбастан ауыстыру. Қайым 1940 жылдардан бастап және өмірінің соңына дейін Абай шығармаларының текстологиясымен айналысты. Ол Абайдың барлық өлеңдері мен поэмаларына түсініктеме жазды, сонымен ойшыл-ақынның ерекше сөздерінің тазалығын сақтады. Сонымен бірге, ол Абайдың 31өлеңін нақтылап, ақынға тиесілігін анықтады, өйткені олар бұрын жоғалған немесе жаңсақ аударылған деп саналып келген еді.

Әдебиеттанушы және журналист Еділ Асылбек былай дейді: «Қайым Мұхамедханов әдебиеттанудың, абайтанудың тұтас мектебін ұсынды. Ол жетекші абайтанушы болды және қала береді. Ол өзінің саналы ғұмырында Абай мұрасын зерттеуші ғана емес, оны сақтау жолындағы жанқияр күрескер болды десек, артық айтқанымыз емес». Айта кетсек, тіпті 1990 жылдары, алғаш рет ақынның 150 жылдығына Абай шығармаларының екі томдығын Қайым түсініктемелерімен шығару кезінде, жекелеген ғалымдар түрлі редакциямен бұрмаланған, оқырманға «үйреншікті» қалпында шығаруға әрекет жасады. Абай үшін күресу және жеңіп шығу Қайымға осы кезде де керек болған еді.

Ғалым, Жирмунскийдің шәкірті Дм.Лихачев, орыс мәдениеті үшін көптеген көне мәдениет ескерткіштерін текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалды. Қ.Мұхамедханов Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Махамбет, алаш азаматтарының сөздерін қазақ мәдениеті үшін текстология әдісімен сақтады.

1918 жылы Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов Ж.Аймауытов және М.Әуезовтың редакциясымен шығарылған «Абай» журналын қаржыландырған.

Қ.Мұхамедханов әріптесі Р.Мусинмен бірге 1922 ж. «Абай» журналын жандандырды, ол редколлегияның Құрметті басшысы және көптеген мақалалардың авторы болды. Журналдың жекелеген нөмірлерінде оның бірнеше мақаласы жарияланды.

Қолжазбалар мен мұрағат материалдарын анықтап, сақтап және зерттей келе Қ.Мұхамедханов Абай, Шәкәрім, Әуезов, алаш зиялыларының шығармашылығын зерттеудің тұтастай ғылыми бағытына жол салды.

Қ.Мұхамедхановтың мемлекеттік рәміздерді әзірлеуге қосқан үлесі. Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы. (1945). 27 жастағы жас жігіт Қ.Мұхамедханов 1943 жылы конкурс жеңімпазы атанды – ол Республика Гимнін жазды, алғашқы жолдары «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. О заманда мұндай жалын атқан сөзді тек нағыз патриот қана жаза алатын. Бұл мәтін 30 жасар композитор М.Төлебаевты музыка жазуға шабыттандырды. Бұл гимн бірнеше онжылдықтар бойы айтылғанын ұмытпаған жөн! Дегенмен сол замандағы билік өз халқын ер, ержүрек деп айтуға жасқанатын, сол себепті «ер» сөзін «біз» деген сөзге ауыстырып, жекелеген авторлар – жас ақын (Қ.Мұхамедханов) және жас композитор (М.Төлебаев) яғни, «серіктестер» ұжымы атынан шығарды.

1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті. Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатын болғандығы себепті қатысудан бас тартты.

Қайым ақын 1936 ж. бастап жариялана бастады, оның алғашқы өлеңдері жасөспірім кезінде жазылған еді. Ол 100 ден аса өлеңдер мен поэмалар жазды, сондай-ақ Ғ.Тоқай, Т.Шевченко т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Карлагта «Туған ел – алтын бесік», «Балаларыма», «Жұбайым Фархинурға», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Шерубай станциясы» т.б. өлеңдерін жазды. 1952 жылы жазылған өткір және мұңға толы өлеңінен үзінді:

«Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сыям...»

1954 жылдың қаңтарында Карлагта Қ.Мұхамедханов он бес күн ішінде Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақ поэзиясы тілімен аударды. Қазақ әдебиетінде орыс прозасын қазақ поэтикалық тілімен аударудың бар жоғы үш қана мысалы бар. Бұлар – М.Лермонтовтың Абай аударған «Вадим», А.С.Пушкиннің Шәкәрім аударған «Дубровский», Н.Карамзиннің Мұхамедханов аударған «Сормаңдай Лиза» шығармалары.

Абай және Пушкин, Абай және Лермонтов, Абай және Крылов, Абай және Бунин, Абайдың орыс достары – Михаэлис, Долгополов, Леонтьев және ғалым-әдебиетші Мұхамедхановтың басқа да зерттеулері орыс әдебиеті мен мәдениетінің Абайға үлкен әсер еткенін көрсетеді.

Ғалымның ғылыми ізденістерінің қатарынан Рылеев, Семенов Тян-Шанский, Крачковский, Веселовский, Бартольд, Уәлиханов пен Достоевский, Каюм Насыйри, Ғабдолла Тоқай, Шариф Камал, Берді Кербабаев, Тоқтағұл, Мицкевич, Хусаин Фаизханов, Хамза Ниязи, Микаэл Налбандян, Сулейман Стальский, Ильяс Бораганский, Ян Райнис, Лу Синь, Адам Мицкевич, Ежи Юрандет, Тарас Шевченко және т.б. орын алды.

Қайым-текстолог: Энциклопедиялық білім және текстологиялық талдау әдісін ерекше меңгеру, Абай, Шәкәрім, Бұхар жырау, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Махамбет, алаш зиялыларының сөздерінің тазалығын сақтауға ықпалын тигізді. Мұхамедханов алаш азаматарының мұрасын тереңнен зерттеуші болып табылады, олар өз заманында Қайымның әкесінің үйіне жиі келетін зиялы азаматтар еді. Олардың еңбектерін араб, латын харпінен қазіргі қазақ тілі харпіне көшірді, ғылыми түсініктемелер жазды, еңбектері мен өмірбаяндарын баспаға әзірледі. Алаш зиялылары туралы алғашқы жарияланымдар, ғалым әзірлеген өмірбаяны мен еңбектері баспасөзде жарық көре бастады, соның бірі «Семей таңы» газеті.

Қайым Шәкәрімнің текстологы болды, сондай-ақ ақын үшін күресті: Шәкәрімнің ұлы Ахатпен бірге ақынның есімін ақтауда бар күш-жігерін аямады, 1958 жылы Мәскеуден Шәкәрімнің ақталғаны туралы анықтама келгеннен кейін, отыз жыл бойы Шәкәрім шығармашылығын ақтап алу үшін және ақынның құнды сөздерінің тазалығын сақтап қалу үшін күресті. Мұхамедханов қазіргі күні де Қазақстандағы жалғыз-дара ғалым-текстолог болып табылады, оның XVIII-XIX ғ.ғ. ақын-жыраулары және ХХ ғ. басындағы ақындар шығармаларының канондық негізін анықтау жолындағы еңбегі өлшеусіз – дейді ғалым-филологтар.

Ғалым-текстологтың энциклопедиялық білімі ҚСЭ (Қазақ Совет энциклопедиясы) 12 томына ғылыми түсініктемелер жазуға, қателері мен жаңсақтығын жөндеуге, тарих, әдебиеттану, өлкетану, театр, батырлар туралы т.б. мақалаларды нақты мәліметтермен толықтыруға мүмкіндік берді. Машинамен басылған 70 беттен тұратын мәтінді жөндеу – бұл жеке ғылыми жұмыс және энциклопедия мазмұнын әрі қарай өңдеуге арналған анықтама-көмекші материал.

Қолжазбаларды жинаушы және сақтаушы Қайым 1940 ж. басында көптеген қолжазбаларды анықтап, өңдеп ҚазССР-і ҒА мұрағатына сақтауға өткізді, соның ішінде «Әріп» 25 б.п., «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», Абай, Шәкәрімнің белгісіз өлеңдері, батырлар, алаш зиялылары туралы материалдар және т.б. мәдени құндылықтар. Бұл жұмысты ол ғұмыр бойы жүргізді және Ғылым Академиясы, мемлекеттік мұрағат, Абай мұражайы, өлкетану мұражайы, Достоевский мұражайын және т.б. қорын құнды материалдармен толықтырды. Ол көзі тірісінде көптеген қолжазбаларды, құнды жарияланбаған материалдар мен қолжазбаларды өз шәкірттеріне тапсырып кетті.

Әке мен бала – Мұхамедхан Сейтқұлов және Қайым Мұхамедханов XIX ғасырдан XXIғ. дейінгі үш жүзжылдыққа созылған заманның рухани байланысын сақтап қалды.

Драматург Қайым келесі пьесаларды жазды, «Майданнан майданға», «Комиссар Ғаббасов», «Перне», «Ер Білісай».

Ол түрлі тілдерден қазақ тіліне аударма жасау арқылы әр халықтың мәдениетін түсінуге елеулі үлесін қосты.

1941 жылы Қ.Мұхамедханов жазушы, композитор, КСРО халық әртісі У.Гаджибековтың «Аршын-мал-алан» музыкалық комедиялық қойылымын алғаш рет қазақ тіліне аударды. Ғалымның мұрағатында, сондай-ақ театрлардың әдеби қорларында осы аудармалардың ноталары мен мәтіндері сақталған. Айта кеткен жөн, аудармашы музыкалық ария мәтінінің сөздері мен буындарын нота бойынша әншінің даусына дәл келтіріп, комедия контексінің қазақи әуенге сай сақталуы үшін жазған. «Аршын-мал-алан» музыкалық комедиясы алғаш рет Семейдің музыкалық-драмалық театрында қойылды, кейіннен көрермен көңілінен шыққан пьеса сол жылдары Қазақстанның басқа да драма театрларының репертуарына енді.

Шариф Камалдың «Қажы әфенді үйленеді» комедиясының татар тілінен қазақ тіліне аударылуы, 1970 жылдары театр сахналарында үлкен жетістікке жетті.

Қ.Мұхамедханов аударған шығармалар қатарынан Пушкиннің «Русалка» поэмасы, француз драматургы Пьер Огюстеннің Бомаршенің «Фигароның үйленуі» шығармасы бойынша пьесасы, Боккаччоның «Декамерон», поляк драматургы Ежи Юрандоттың «Уақыт сондай» т.б. орын алады.

Қ.Мұхамедханов ұмытылып кеткен көптеген есімдерді қайтаруға көп еңбек сіңірді, солардың ішінде Ильяс Бораганский, Мажит Даулетбаев, Сабалов, Молдажанов, Жомартбаев т.б.

Майталман педагог-тәлімгер Қайым 50 жыл Семей пединститутында дәріс берді, жалпы педагогикалық еңбек өтілі, 1930 жылдары курстарда дәріс оқығанын қосқанда, барлығы 60 жыл. Ол жастардың бірнеше буынан тәрбиелеп шығарды. Педагогтар және ғалым-әдебиеттанушылар, философтар мен мемлекет қайраткерлері, білім және мәдениет мекемелерінің басшылары, ақындар мен газет-журнал құрылтайшылары – бәрі шәкірттері. Қайымның ізбасарлары – ғылым жолында жүрген математика, физика мамандары, олар кейін Қайымның әсерімен ақындық жолды қуған шәкірттері. Қазіргі жастар ғалым-азамат жерлестері Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығынан шабыт алып, ол туралы зерттеулер жазады, ғалымның туған отаны Семей қаласындағы ескерткіші жанында ән айтып, өлеңдерін оқиды.

Қ.Мұхамедханов 1940 жылдан Жазушылар Одағының мүшесі. 1942-1947 жылдары Семей облысы (Семей, Павлодар, Өскемен) бойынша Қазақстан Жазушылар Одағының уәкілі болды. Мұхамедханов ақындар мен жазушылардың шығармашылық дамуына зор үлес қосты. Жас таланттар мен ақындарды қамқорлығына алып, қолдау үшін түрлі ұйымдарға жазған хаттары сақталған.

Шәкірттері мен қарапайым азаматтар Қайымның көзі тірісінде және өмірден озғаннан кейін де ғалымға ризашылық білдіріп, әндер, өлең-поэмалар арнады, оның өзі тұтас бір жинақты құрайды. Адамның бақыты – туған халқынан алған ақ батасы мен ризашылық білдірген жылы сөзі. Қазіргі заман жастарының жыр-арнаулары патриоттық сезімге толы, өйткені олар үшін Қайымның өмірі – рухани тірек, туған жері мен халқына деген адалдықтың үлгісі.

Елдің тағдыры ғалымның өмірінде өзіндік ізін қалдырды. Қайымның қиындыққа толы тағдыры мен бақытты ғұмыры Ж.Саин, Естай ақын, Вс.Иванов, Қажымұқан, Жамбыл; халық ақындары, театр қайраткерлері, әртүрлі ұлттардың ғылым және мәдениет қайраткерлерімен; Абай, Шәкәрім, Әуезов, алаш зиялыларымен әсерлі шығармашылық кездесулермен есте қалды. Әкенің үйі осындай кездесулердің қайнар бұлағы болса, осы дәстүрді ұлы жалғастырды.

Абайтану – Әуезовтану – Шәкәрімтану – Қайымтану – бұл өзара логикалық байланыстағы және қалыптасудың күрделі жолының, күрес пен мәдениетті қорғаудың, ғылым мен халық рухының бір-біріне өзара тәуелді үрдісінің тарихи ақиқаты. Бұл – халықтың бірегей мәдени кеңістігі.

Қайым Мұхамедхановтың есімі көптеген энциклопедияларға енді. Ғалым-патриоттың отаны Семей қаласында ескерткіш орнатылды (2010 ж.) , ал, өзі өмір сүрген және еліміз тарихының көрнекті қайраткерлері бас қосқан үйге Мемориалдық тақта қойылды (2004 ж.).

***

Замандастарының Мұхамедханов туралы пікірлері:

  • Қайым Мұхамедханов – Өзі Музей, Өзі Архив, Өзі Мектеп

Несіпбек АЙТОВ

  • Қайым Мұхамедханов кеңінен танымал, инабатты және парасатты, өз ұлтының беделді азаматы. Мен Қайым ағамен жақсы таныс болдым, жүздесіп, әңгімелесіп тұрдым, оның жарқын бейнесі менің жүрегімнен мәңгі орын алды. Менің ойымша, оның өмірі мен ісі – туған елі мен жеріне деген қызметінің өшпес үлгісі. Мен оны алаштың соңғы тұяғы, «Алаш» зиялыларының мұрагері, абай мектебінің соңғы өкілінің бірі ретінде қабылдадым.

Герольд БЕЛЬГЕР

  • «Алтынды шыққан жерден қаз” дейді ғой халық мақалы. Абайтану тұрғысынан алғанда Кәкең сол “самородный сары алтынды” кесек-кесегімен омырып жүрген кісі. Бұл саланың республикамыздағы асқан білгірі, жұрттың бәрін мойындатқан дара жүйрік…»

Қалихан АЛТЫНБАЕВ

  • “Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі”.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

  • Мұхтар Әуезовті егер бір адам сатпаса, – ол Қайым, екі адам сатпаса, соның бірі – тағы Қайым. Қайым Мұхтар Әуезовтің өзіне де, оның мұрасына да аса адал болды.

Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ

  • Қайым Мұхамедханов – энциклопедиялық білімге ие ғалым. Ол Абай мен қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың шығармашылығын зерттеудің тұтас бағытын салып, дамытты.

Қ.Мұхамедханов Қазақстанда әлі де дара ғалым-текстолог болып табылады, оның 18-19 ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының және 19 ғ. ақындар шығармаларының канонды түпнұсқасын негіздеудегі еңбегі республиканың ғылыми қауымдастығына кеңінен белгілі.

Менің ойымша, Қайым Мұхамедханов шығыстанушылар В.В.Бартольд, Е.Э.Бертельс, ақындар мен ойшылдар Науаи, Низами, кеңес арабтану негізін қалаушы И.Ю.Крачковский, түрколог В.В.Радловтың қатарынан орын алады.

Қинаят ШАЯХМЕТОВ

  • Осындай азаматтардың бірінші қатарында мен жарты ғұмырын түрмеде өткізе жаздаған, ешбір астанаға сыймай, тек туған Семей өңірінде қанат жайған Қайым Мұхамедхановты атар едім. Өйткені ол кісі тек қана тұлға емес, дәстүр сақтаушы, Абай, Алаш қайраткерлерінен тәрбие, дәріс алып, Кеңес заманының түрме-лагерлерінен өтсе де, мойымай, отаршыл билікке бас имей, еліміздің тәуелсіздігіне дейін жеткен қазақ зердеуи дәстүрінің нақ өзі. Дәлірек айтқанда, Қайым Мұхамедханов Алаш дәуірінде өркендеген еркін қазақ мәдениетін Кеңес дәуірінде жаңғырта білген дәнекерші, немесе алтын көпір, ұлттық қазақы дәстүрдің тоқтамай дамығанының кепілі.

Әуезхан ҚОДАР

  • Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл ғұмырын абайтану ғылымын өркендетуге жұмсады... Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көп деректі Мұхаң Кәкеңнен – Қайым Мұхамедханұлынан алды.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ

  • Қайым Мұхамедханов есімі ғасырдан-ғасырға жетеді! Оның есімі ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтармен тығыз байланысты, ал ол туған отанымыз Қазақстанды рухани жағынан мәңгілік байытып отыратын мәдени кеңістік.

Гарифолла ЕСИМ

  • ... Қайым Мұхамедханов – әйгілі ғалым-филолог, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов шығармашылығын терең зерттеушінің бірі ... Оның өмірлік ерлігі – ұлт мүддесі жолында қайтпас қаһармандықтың үлгісін танытуы, өте қымбатқа түскен ұстанымдары мен идеалдарына бұлжымас беріктігінде қалуы еді. Өзіне өлім жазасы мен қоғамдық ортада еш құқықсыз қалу қаупінің қатар төнуіне қарамастан ол биліктің талап еткеніне мойынсұнбады, ұлы ұстазы Әуезовты сатпады. Оның кемел кісілігінің өзі осында – шынайылықтан туындаған өр намысында еді...

Сергей ӘЗІМОВ

  • Қайым Мұхамедханов – Мұхтар Әуезовтың шәкірті және ғылыми концепциясын жалғастырушы болды. Ол өзінің барлық саналы ғұмырын Абай шығармашылығын зерттеуге арнады, ұлы ойшылдың поэтикалық мектебі туралы ғылымды кеңейтіп, тереңдетті. Өмірінің ең бір қиын кезеңдерінде институтта оқыған дәрістерінде ұлттық мәдениеттің үздік өкілдері – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов есімдері мен олардың шығармашылығын насихаттады. Өжет интеллигент, шенділер алдында бас игеннен гөрі НКВД қапасын артық көрді. Қазақстан ғылымы мен мәдениетін дамыту жолында ерен еңбегін сіңірді. Қайым Мұхамедханов әдебиеттану, абайтанудың тұтас мектебін ұсынды. Ол жетекші абайтанушы болып табылады. Ол өзінің саналы ғұмырын Абайды зерттеуге арнаумен бірге, ақын мұрасы үшін адал күрес жүргізді.

Еділ АСЫЛБЕК

  • Қайым Мұхамедханов Үлкен Ғалым еді, алаш азаматтарының соңғы тұяғы болар деп ойлаймын. Және де ерекше парасатты адам. Ол марапаттаудың бәрінен жоғары тұр, ол жөнінде қалай айтылып, қалай жазылса да, қазақ халқының нағыз ұлы – Әлем азаматының тереңіне бойлап, түгесу мүмкін емес. ... Қайым Мұхаметхан, Абай тәрізді интернационалист болды, оның ерік-жігері мен адамгершілігі барлық өтпелі оқиғалар мен әбігершіліктен басым түсті.

Лариса ОДЫНЕЦ –ТРОИЦКАЯ

  • Осынау керемет, кемел адамды жақын танып-білу, онымен араласу бақыты маған да бұйырған еді. Қайым Мұхамедхановтың жарқын бейнесін өзімнің «Неизвестные страницы жизни избранного», «Мен Абайды әке деймін» деген фильмдерімде сомдағаным – шығармашылық еңбегімнің ең шоқтықты белесі, мен үшін мақтаныш деп білемін. Ол – ғибратты ғалым, филолог, абайтанушы, Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтың, Абай шәкірттерінің шығармашылығын терең зерттеген, зерделеген бірден-бір білікті кісі еді.... Оның өмірлік ерлігі – ұлт мүддесі жолында қайтпас қаһармандықтың үлгісін танытуы, өте қымбатқа түскен ұстанымдары мен идеалдарына бұлжымас беріктігінде қалуы еді. Өзіне өлім жазасы мен қоғамдық ортада еш құқықсыз қалу қаупінің қатар төнуіне қарамастан ол биліктің талап еткеніне мойынсұнбады, ұлы ұстазы Әуезовты сатпады. Оның кемел кісілігінің өзі осында – шынайылықтан туындаған өр намысында еді...

Сергей ӘЗІМОВ

  • Лев Гумилев ғалымның төзімділігі мен ержүректігін ерекше бағалады, одан Карлаг тұтқындары үлгі алатын.
  • Сол дәуірдің кейбір құжаттары – жарты ғасырдан кейін де біреулерге ұнамасы белгілі. Өткен күннің қорқынышы мен пендешілік көңілді бүркемелейді. Бұл ретте, онсыз да жала жабылған әкелер ұрпағы өкпелеп қалмай ма? Не істеу керек?. Жалған жағдаяттар мен этикалық түсініктер салдарынан тарихты жабу, түзету, қайта жазу үлкен күнә. Егер біз халықтың рухани прогресімен санасқымыз келсе, шындықтың бетін ашып, білуіміз керек. Қайым Мұхамедхановтың ең маңызды пікірі бірі осы.

Герольд БЕЛЬГЕР

  • Ғалымның есімі – келешек ұрпағына арнаған сөздері, Абай арқылы, «жылы жүрек және ыстық қайратпен» мәңгілік есте қалуы тиіс. Қазақ интеллигенциясының шынайы өкілі Қайым Мұхамедхановтың соңына қалдырған мұрасы – өміршеңдік, шынайы ақиқат, ерік-жігер, бекзаттық, рухани тазалық, биікке ұмтылу қасиеттері.

Герольд БЕЛЬГЕР

***

Қайымның өмірдің қандай да бір қиын кезеңдерінде айтқан ойлары мен әрекеті біздер үшін моральдық ұстанымға және жалпыадамзаттық құндылықтар өлшеуішіне айналды.

«Өзекті жанға бір өлім. Мен сол кезде: өлсем, алаш азаматтарынан жаным артық емес ... деп ойладым ... » (1951 ж. НКВД азабы туралы естелік)

***

«Жалған сөйлегенше, өлген артық. Жалған сөзден кейін, қалай өмір сүруге болады? ...» (Қ.Мұхамедханов М.Әуезовты сатпады, яғни – отанын сатпады, Абай мектебін және адамгершілік қасиетін сақтап қалды).

***

«Менде кек қайтару сезімі жоқ, бірақ менің азап пен запа шеккен ар-намысым, Сіздің құзырыңызға жоғарыда айтылған жайларды жеткізеді ...» (Карлаг бастығына жазылған хаттан. Түрме әкімшілігі қамаудағы адамдарға келген сәлемдемені ұрлап, оларды кемсітіп, намысына тигені себепті, адам құқығының бұзылуымен күресуге тура келді)

***

Адал жандармыз ғой, ақыры қайырлы болсын.

«Ақ ниетпен тілеген ақ тілеуім қабыл болып, туған жер, өскен еліме аман-есен оралатыныма сенемін» (балаларына жазған хаттан)

«... бір ауыз өтірік айтудан, алдаудан аулақ болыңдар. Тәртіпті, тәрбиелі, байыпты адам болыңдар» (балаларына өсиет)

***

«Абайды танып білген, сондай-ақ, Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ. Оған басқадай моральдық кодекстің қажеті шамалы. Десек те, мұндай адамдар көбірек болса ... »

***

«Біреу өтірікті ойдан шығарып, құрайды. Кейбіреу оған сенуге әзір. Біреу жалған атақ іздейді. Егер біз дұрыс ойлай алмасақ, халық атына лайық боламыз ба? (тарихты фальсификациялау, жалған ойдан шығарылған батырлар туралы)

***

«Бақыт дегеніміз – еркіндік, адал сөйлеу және ештеңеден қорықпай өмір сүру. Тек осылайша өмір сүру керек! Мұның адам өміріндегі маңызы зор» (бұл Қайымның өмірлік ұстанымы)

Түсініктеме жазу

Кiру
     

Защитный код
Жаңарту