Размер шрифта: A A A
Фон:
 
Жеке кабинетке кіру

Оңтүстік астанада 1892 жылы француз архитекторының жобасы бойынша салынған әрі мегаполис орталығында орналасқан нысанда Алматының жаңа мұражайы салтанатты түрде ашылды. Аталған мәдени шараға қала басшылығы, ғылым мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қаланың құрметті азаматтары, жастар және басқалары қатысты.

Алматының жаңа мұражайы-Жетісу өңірінің бай тарихи- мәдени мұрасын кеңінен көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталық. Мұражай коллекциясында 40 мыңға жуық экспонаттар бар, олар - бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы,түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерлерінің жиынтығы және басқа мұралар. Мұражай экспозициясы қала тарихының барлық салалары бойынша ақпараттық - иллюстративті материалдарды көрсететін мультимедиялық технология спектр арқылы жұмыс істейді. Жаңа мәдени ошақ экспозициясы 11 залдан тұрады, онда мультимедиялық технологияларды қолдану арқылы Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы бейнеленген

Алғашқы екі экспозиция шағын елді мекеннен құралған Алматы урбанизациясының процессі туралы әңгімелейді, яғни осыдан үш мың жыл бұрын, қол өнері, саудасы, мәдениеті мен иделогиясы дамыған ұлы Жібек жолы бойындағы орта ғасырға дейінгі қала көрінісі көз алдыңызға келеді.

«Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» және «Жетісу этнографиясы» залдары Қазақ хандығының қалыптасуынан ,білім тарихынан және қазақтардың әскери өнері мен қазақ этнографиясынан сыр шертеді. Қазақ халқының материалдық мәдениеті бөлімінен Жетісу қазақтарының зергерлік бұйымдарын, тұрмыстық заттарын көріп, қолөнер шеберлері мен шаруа адамдарының өзіндік ерекше әдістерін тамашалауға болады.

«Алматы тарихының Верныйлық кезеңі» экспозициясында XIX-XX ғасырлардағы қаланың дамуы бейнеленген, мұнда қызылағаштан бұйым жасайтын шеберлердің қолынан шыққан түрлі жиһаздар, XIX ғасырдың дәуірінен сыр шертетін ерекше тұрмыстық заттар көздің жауын алады. «Алматы XX ғасырда» залы Қазақ ССР-і астанасының тарихи маңызды кезеңдерін көрсетеді. Инсталляциялар мен «Түрксіб», «Саяси репрессиялар», «Алматы Ұлы Отан соғысы жылдарында» проекциялық экрандар ел тарихының қатал да қайғылы беттерін ашады. Соғыстан кейінгі кезеңді тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жеке кешендер, тұрмыстық заттар көрсетіп қана қоймай, өткен жүз жылдықтың 50-60- жылдарына еніп кеткендей әсер береді.

Кәсіби өнердің дамуы дарынды композиторлар мен К.Байсейітова, Р.Бағланова,Б.Төлегенова есімдерімен тығыз байланысты. «Кәсіби өнерді дамыту» залына ерекше телерадиоаппаратуралар топтамасы, музыка аспаптары қойылған.

«Елбасы және Алматы» залы Тәуелсіздіктің алтын бесігі- Алматының баға жетпес тарихымен сусындатады. Тарихи материалдарды барынша құлпыртып беру арқылы еліміздің қаржы, экономика, мәдени және туристік орталығына айналған ірі мегаполистің заманауи жарқын бейнесін тамашалауға болады.

Қаланың жаңа мұражайы мына мекенжайда орналасқан: Алматы, Қабанбай батыр көшесі, 132.

Түсініктеме жазу

Кiру
     

Защитный код
Жаңарту